Президент әсіре белсенділердің әрекетін сынға алды
Кейбір блогерлер шектен шығып барады. Олар әкімдердің әр қадамын аңдуды әдетке айналдырды. Мемлекет басшысы сынағанның жөні осы екен деп, тым артық кететін әсіре белсенділердің әрекетін сынға алды. Жұмысқа кедергі жасап, тіпті, қоқан-лоққы көрсететін адамдар бар. Президент сын көзбен қарау – демократиялық қоғамға тән қалыпты нәрсе екенін айтты. Алайда Заңды сақтау – әр азаматтың міндеті екенін еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Әрбір әкім азаматтармен диалогқа ашық болуы қажет, сындарлы пікір алмаса білуі керек. Бірақ жұртты дүрліктіріп, шу шығарып, заңды бұзуға жол берілмейді. Ешкім заңнан аттамауы тиіс. Мемлекет мүддесі түрлі популистердің жеке мүддесінен жоғары тұруы қажет. Батыл шешім қабылдап, қоғамның сынынан және жауапкершілік алудан қорықпау керек. Кез келген өзекті мәселеге, соның ішінде ақпараттық шабуылдарға дер кезінде назар аудару қажет.

