Президент Астананың 25 жылдық мерейтойына арналған бауырлас қалалар форумына қатысты

Президент Астананың 25 жылдық мерейтойына арналған бауырлас қалалар форумына қатысты

Мемлекет басшысы, ең алдымен, жиынға қатысып отырған бауырлас қалалардың басшыларына, әлемнің бірнеше елінен арнайы келген мәртебелі меймандарға ілтипат білдіріп, Астананың 25 жылдық қалыптасу тарихына қысқаша тоқталды.

– Бұл – мерейлі белес. Біз ширек ғасыр бұрын астанамызды Алатаудың баурайынан Арқа төсіне көшірдік. Есілдің жағасына ел қондырып, жаңа қаланың іргесін қаладық. Бүгін осы маңызды жиынға елорданың бұрынғы әкімдері, қаламыздың құрметті тұрғындары, еңбек ардагерлері, мәдениет, ғылым, спорт қайраткерлері, ғалымдар, ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер қатысып отыр. Олар Тәуелсіз Қазақстанның тірегі болған Астананың құрылысына белсене атсалысты, кеңес заманындағы ескі шаһардың қазіргі заманға сай озық қалаға айналуына зор үлес қосты. Мен баршаңызға шынайы алғыс айтамын. Шын мәнінде, Астана қаласының салынуы – Тәуелсіз Қазақстанның тарихында айрықша мәні бар оқиға болды. Өздеріңізге мәлім, елорданы көшіру оңай болған жоқ, қомақты жұмыс істелді. Бұл шешім өте күрделі кезеңде қабылданды. Ел экономикасы тоқырауда болды. Жұрт нарықтық қатынастарға толық бейімделмеген кез еді. Осындай қиын жағдайда Жоғарғы Кеңес Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша Астананы Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Бас қаламыз ресми түрде 1997 жылы 10 желтоқсанда көшірілді. Ал осыдан 25 жыл бұрын 6 мамырда Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Елорданың жылнамасы Тәуелсіз Қазақстанның шежіресімен тығыз астасып жатыр. Шын мәнінде, астананы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болды. Бұл – халқымыздың болашақ тағдырын айқындаған аса маңызды және дер кезінде қабылданған тарихи шешім, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президенттің осы бастамасы жаңа ұлттық идеяға айналғанына назар аударып, Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне лайықты, әділетті баға беру керек екенін айтты. Президенттің пікірінше, Әділетті Қазақстанда ақты ақ, қараны қара деу қажет, басқа сөзбен айтқанда, ненің шындық, ненің өтірік екенін ажырата білу керек. Бұл – еліміздің болашағына тікелей қатысы бар мәселе.

Мемлекет басшысы жаңа елордамыз Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне тың серпін бергенін, жаңару мен жаңғыруға жол ашқанын, бас қаламызда көптеген іс-шаралар ұйымдастырылғанын, дінаралық диалог пен рухани дипломатияның ордасына айналғанын атап өтті. Сондай-ақ Астананы бірлік пен берекенің бесігі деуге толық негіз бар екенін, бұл қалада ең маңызды шешімдер қабылданатынын, болашақта да солай бола беретінін жеткізді.

– Астана – болашағы зор қала. Осы орайда, біз «жасыл қала» идеясын жүзеге асыруға айрықша мән береміз. Елордамыз, ең алдымен, тұрғындарға ыңғайлы қала болуы керек. Астана – аймақтағы ірі қаржы орталығы. Әлемнің 75 елінің екі мыңнан аса компаниясы бизнес жүргізу үшін Астана халықаралық қаржы орталығын таңдады. Бүгінде Қаржы орталығы елімізге 8 миллиард доллар инвестиция тартты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Әлемдік саясатшылар Астананы бейбітшілік алаңы дейді. Ұстанымы бөлек, мүдделері кереғар елдер осында бітімге келді. Келешекте де Астана біздің геосаяси аймақтағы маңызды орталық ретінде дами бермек. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, астаналар мен ірі мегополистер – мемлекеттің саяси, экономикалық және мәдени өмірінің өзегі. Олар мемлекеттердің өркеуінде жетекші рөл атқарады. Инвестицияларды, инновациялық технологияларды, ең бастысы, адами капиталды тарта отырып, қалалар орасан зор күш шоғырланатын ортаға айналады.

– Адамдар және олардың шығармашылық қуаты, бірегей білімі, креативті идеясы мен отаншылдық рухы – ұлт жетістігінің негізгі факторы. Сондықтан қалаларды тиімді басқару және урбанистикадағы жаңа үрдістерді жүйелі зерделеу қажет. Бұл мәселе болашаққа ұмтылған әр мемлекет үшін, оның ішінде Қазақстан үшін де стратегиялық маңызға ие бола бастады. Орнықты даму саласындағы БҰҰ мақсаттарының бірі қаланы дамытуға арналған. Бұл кездейсоқ емес. Қазақстанда біз осы бағытқа ерекше назар аударамыз. Әлемнің жылдам дамып келе жатқан астаналарының қатарына кіретін елордамыз басқа қалалардың дамуына үлгі болады. Өткен ширек ғасырда еліміздің бас қаласының аумағы үш есе ұлғайып, халқының саны төрт есе өсті. Сарапшылардың болжамы бойынша елорда тұрғындарының саны 2030 жылға қарай екі миллионға жетеді. Ел астанасы мәртебесіне ие болған сәттен бері қаланың экономикалық әлеуеті 100 еседен астам артты. Қазір қала экономикасы елдегі жалпы ішкі өнімнің 10 пайыздан астамын құрайды, – деді Мемлекет басшысы.