Президент Ғылым және жоғары білім министрін қабылдады
Елімізде осы уақытқа дейін шетелдік жоғары оқу орындарының 25 филиалы ашылды. Ол туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының қабылдауында айтты. Сондай-ақ ол салада жүзеге асырылып жатқан бірқатар бастама мен жобаларды таныстырды.
Атап айтқанда, шетелдік серіктестермен аймақтардағы мемлекеттік университеттерді халықаралық білім беру стандарттары бар зерттеу оқу орындарына айналдыру туралы келісімдерге қол жеткізілген. Студенттерге қаржылай қолдау көрсету мақсатында «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы енгізілді. Жасанды интеллектіні дамыту бойынша қазір 8 жоғары оқу орнында 2000-нан астам студент білім алып жатыр.
Бұдан бөлек, жасанды интеллект мамандарын даярлау үшін «Болашақ» бағдарламасы арқылы жыл сайын 100 стипендия бөлу жоспарланып отыр. Кездесу соңында Мемлекет басшысы жатақханалар салу, жоғары білім мен ғылым инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

