Президент Құрбан айт мерекесімен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды
Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Президент барша мұсылман қауым үшін қасиетті
саналатын бұл мейрам – имандылық пен ізгіліктің символы деп атады. «Айт күндері
мұқтаж жандарға жақсылық жасап, көмек көрсету – ата-бабаларымыздан жалғасып
келе жатқан игі дәстүр. Асыл дініміз азаматтарды бір-бірін құрметтеуге,
жақындарына жанашыр болуға үндейді. Бауырластық пен сыйластықты дәріптейді.
Халқымыздың берекелі бірлігі осындай ізгі құндылықтардың арқасында нығая
түседі. Құрбан айт – ырысты ынтымақтың мерекесі. Біз еліміздегі тұрақтылықтың
қадірін біліп, татулықты сақтау арқылы кез-келген сыннан сүрінбей өтіп, биік
мақсаттарға жетеміз. Әділетті, Таза, Қауіпсіз әрі Қуатты Қазақстанды бірге
құрамыз», - деді құттықтауында Президент.

