Сарапшы пікірі: теңгенің бүгіні мен ертеңгі ахуалы
Құбылмалы нарықта құлдырап бара жатқан теңге бағамы қашан қуаттана түседі? Экономист Сапарбай Жұбаевтің болжамынша, енді теңге осы деңгейінен алшақтамай, тұрақталады. Десе де әзірге ұлттық валюта еңсесін тіктер емес. Бүгін қор биржасындағы саудада тағы сәл түсіп, долларға шаққанда 433 теңгеге төмендеді. Мамандардың айтуынша, оған жаһандық деңгейде ушыққан эпидахуал кері әсерін тигізуде. Ол негізгі салалардың жандануына кедергі. Мұнай бағасының арзандауы да теңгенің күш алуына тосқауыл. Өткен айда 6% төмендеген қара алтын қазір 63 доллардан сатылып жатыр. Алдағы уақытта мұнай бағасы тұрақталады. Сәйкесінше, ұлттық валюта бағамы да осы қуатын жоғалта қоймайды деп пайымдайды сарапшы.
Сапарбай Жұбаев, экономист:
- Теңгенің жақын арада қуатталуына негіз жоқ. Осы бір деңгейде тұрады деп күтеміз. Ұлттық банкте біздің алтын валюта резервіміз бар, 34 млрд доллар. Кейін Ұлттық қорда 60 млрд доллар бар. Соларды сатып, бүгінгі күнде оның қуаттануын ұстап тұрмыз. Сондықтан осы 4-5 айдың ішінде 433-435 айналасында тұрақтанады мен ойлаймын.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов