Шахматтан Қазақстан қыздар құрамасы күміс жүлделі болды

Ауызбіршілік пен ұжымдық рух. Қазақстандық шахматшылардың Польшада өткен әлем чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізген жетістігінің сыры да осында. Жеңіспен елге оралған шахматшыларымыз турнирдегі жетістіктері айтып берді. Олардың айтуынша, бүгінде мемлекеттің осы спорт түріне ерекше көңіл бөлуінің арқасында Қазақстан осындай көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Қазақстан үшін тарихи жетістік саналатын жеңіспен отандастарымызды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.  Президент бұл жетістік өскелең ұрпақ арасында шахматты кеңінен насихаттауға серпін беретінін атап өтті. Айта кетейік Қазақстан құрамасы бұрын-соңды шахматтан әлем чемпионатында мұндай жоғары орынға ие бола алмаған. Ел командасы 2007 жылдан бері ұйымдастырылып келетін әлемдік жарыстың ширек финалынан әрі асып көрген емес. Жарыста барлығы 12 команда бағы мен бабын сынады. Отандық ала тақтай ойынының  хас шеберлері  ақтық сында Грузия құрамасына есе жіберді. Ал біздің нәзік жандылардан айласын асыра алмаған Франция шахматшылары қола медаль еншіледі. Ұлттық құрама сапында Бибісара Асаубаева, Ксения Балабаева, Әсел Серікбай, Меруерт Камалиденова, Алуа Нұрманова және Әмина Қайырбековалар өнер көрсетті.

Алуа Нұрманова, Шахматтан ұлттық құрама мүшесі:
-Командадағы қыздармен өте жақсы достық қарым-қатынаста болдық. Бір-бірімізді әрдайым қолдап, бірге серуендеп, ақылдасып отырдық. Әсіресе Бибісара мен Меруерттің қолдауы айтарлықтай білінді. Бәріміз уақытты бірге өткізіп, үздіксіз дайындық үстінде болдық. Жартылай финалда Франция ойыншыларымен жеңіске жету оңай болмады. Себебі, бірінші матчта қарсыластарымызға жол бергендіктен, екіншісінде топ жару үшін тай брейк алу мақсатымыз болды. Кейін блицте 4/0 есебімен финалға шықтық.