Шілдеден бастап банктен несие алу тәртібі өзгереді
Қазақстанда кредит алу тәртібі өзгереді. Яғни, бірінші шілдеден бастап қаржы нарығын реттеу жүйесі қатаң бақылауға алынбақ. Мәселен, енді тұрақты жұмысыңыз болмаса, банк сізге несие беруден бас тартуы қажет. Барлығы да ресми деректер базасы арқылы жүрігзіліп отырмақ. Әйтпесе, бүгінде банктердің бейберекет несие рәсімдеуінің кесіренен Қазақстанда 1,6 млн адам қып-қызыл қарыздың астында жүр.
Сүндет Оралбек, тілші:
- Қазір киім-кешек, азық-түлік, тіпті қолымыздағы смартфонға дейін несиеге аламыз. Көпшілік ертерек төлеп, қарызымды жауып тастаймын деген оймен берешекке белшеден батуда. Халықтың 90 күннен кешіктірілген несие қарызы 1,6 трлн теңгеден асқан. Міне, сондықтан қаржы нарығын реттеу қажеттілігі туындап тұр…
Сонымен, 1 шілдеден бастап банктер азаматтардың төлем қабілеттілігін қатаң бақылауға көшеді. Яғни, оңды- солды кредит беруді доғарады. Азаматтардың төлем жасай алу қабілетіне қарауы тиіс. Демек, қара тізім жүйесі қайта енгізіледі деген сөз.
Азамат Кенже, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бөлім басшысы:
- Барлық мәлімет ресми деректер арқылы тексеріледі. Атап айтқанда, зейнетақы қорына аударылған жарналар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне түскен төлемдер, еңбек шарты арқылы көрсетілген табыс көлемі негізгі өлшемге айналады.
Енді тұрақты әрі ресми табысы жоқтарға да несие алу айтарлықтай қиындайды. Бұл талап ең алдымен жалақыны қолма-қол алатындарға, еңбек шартысыз жұмыс істейтіндерге, шағын кәсіппен айналысатындарға және табысын толық рәсімдемеген азаматтарға әсер етеді.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
- Жылдық сыйақы мөлшерлемесі деген бар, осы төмендеуі мүмкін. Ол өз кезегінде қымбат несиелердің азаюына мүмкіндік береді. Одан қала берді банктерге де талаптар күшейеді. Осы арқылы банктерде өздерінің тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік алады. Енді былай айтқан кезде, бұл негізінен дәл қазіргі халықтың әлеуметтік жағдайының ушығып бара жатқанын есепке ала отырып, алдын-алу деуге болады.
Сүндет Оралбек, тілші:
- Бұл өзгеріс банктер үшін тиімді болмақ. Себебі, қарызды қайтара алмайтын клиенттер азайып, тұрақты табысы бар қарыз алушылар ғана қалады. Ал бұл банк секторының табысын сақтауға мүмкіндік береді. Ұлттық банк дерегінше, бүгінге 9 млн қазақстандықтан басында кредиті бар. Олардың банк алдындағы қарыз жиындығы 26 трлн теңгеден асады. Оның 50 пайызы тұтынушылық мақсатта алынса, 28 пайыз ипотекалық несие. 1,6 млн адамның несие төлеу мерзімін 90 күннен кешіктіріп алғандар. Сондықтан реттеу саясаты оны бақылауы тиіс.

