Елордада «ТЕАТР ALL Nur-Sultan theatre week» фестивалі өтеді

Елордада «ТЕАТР ALL Nur-Sultan theatre week» фестивалі өтеді

Қазақстандық және шетелдік театр ұжымдары елордада бас қосады. Қазан айының 28-і мен 1-ші қараша аралығында «ТЕАТР ALL Nur-Sultan theatre week» фестивалі өтеді. Өнер апталығы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылып отыр. Соның аясында елордалық көрермен назарына 20-дан астам қойылым, көрмелер, театр сахнасы мэтрлерінің шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. Фестиваль ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл бірінші кезекте патша көңілді көрермен мен әртістердің 1,5 жылдық үлкен үзілістен кейінгі қайта жүздесуі болмақ.

Асхат Маемиров, Мемлекеттік музыкалық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры:

- Республикада дәстүрлі түрде Орталық Азия фестивальдері өтетін. Оның басты ерекшелігі драмалық театрлардың арасында ғана болса, осы жолғы фестивальде қуыршақ театры, драмалар театры, музыкалық драма тетары, балет, опера театрлары, би театрлары бір-бірінен бөлінбей біртұтас күйде өздерінің шығармашылық болмысын, көркемдік ұстанымдарын көрсетуге молынан мүмкіндік алады.

Айта кетейік, фестиваль Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің арнайы дайындаған сыйлығымен аяқталады.

Асхат Маемиров, Мемлекеттік музыкалық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры:

- Осы жолы қала әкімдігінің бірінші рет табыс етілетін Тәуелсіздіктің 30 жылдығында «Театрал» театр сыйлығы берілмек. Осы 4-5 күн ішінде қойылатын қойылымдардан біз ең үздік режиссерді, драматургты, композиторды, балетмейстерді, актер мен актрисаны, екінші пландағы актер мен актрисаны анықтаймыз. Әсіресе үздік дебют жасаған жастарға арнайы премия сыйлығы тағайындалып жатыр. Бұл әрине, ақшалай түрде беріледі.

Авторы: Ақзер Сегізбай