Қазақстанда 2021 жылы 130 млн-нан астам ағаш отырғызылады

Қазақстанда биыл шамамен 130 миллион түп ағаш егіледі. Көшеттер арнайы зертханада өсіріледі. Мамандардың айтуынша, өскіндерді отырғызу кезінде ешнәрсе назардан тыс қалмауы тиіс. Сонымен қатар барлығы стерильді болуы керек. Әр өсімдіктің арнайы қоспасы бар өзіндік пробиркасы болады. Ол күн сайын дайындалады.

Татьяна Лимакина, Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығының маманы:

- Бір компонент жетіспесе, бірден байқалады. Мысалы, бірден жапырақтар сарғайып, немесе олар түсе бастайды. Сондай-ақ өскіндер мүлдем өспей де қалуы мүмкін. Оның ақауы болуы мүмкін, не өте нәзік те болып келуі әбден мүмкін. Мен мұнда 8 жыл жұмыс істеп келемін. Сондықтан қай компоненттен кейін қайсысы келетінін жатқа білемін.

Қазір зертханада өскіндердің 15 мыңға жуық данасы бар. Олар осы жерден алқапқа егіліп, ал 1 жылдан соң еліміздің ормандарына отырғызылады.  Бүгінде мамандар Бурабай ұлттық паркінде көктерек отырғызу жұмыстарын бастап кеткен.

Қайырбай Балтабаев, Бурабай ұлттық паркінің орманшысы:

- Биылғы жылы осы Бурабай ұлттық паркінде 65 гектар жерде қарағай көшеттері отырғызылды. Біз семенаны өзіміз жинап питомниктен тұқымын әкеп қарағайды отырғызамыз. Күтіп баптаймыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы 5 жылдың көлемінде ел аумағында 2 млрд түп отырғызуды тапсырған болатын. Осы мақсатта жобаны қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен 22 млрд, жергілікті қазынадан 60 млрд теңге бөлінбек. Осы күні Қазақстанда 80 млн-нан аса түп ағаш егілген.