Қазақстаннның үздік спортшылары марапатталды

Қазақстаннның үздік спортшылары марапатталды

Ел намысын асқақтатып, әнұранды әуелетіп, көк байрақты желбіретіп жүрген спортшылар ұлықталды. Жыл бойы оза шапқан сайыпқырандарды үкілеген бапкерлер мен тәрбиелеген үздік спорт ұжымдары да марапатсыз қалмады. Салауатты өмір салтын жақсы ұстанатын өңір де белгілі болды. Бұл атаққа Алматы облысы лайық деп танылды. Ал жылдың үздік спортшысы қатарында  бокстан әлем чемпионы Махмуд Сабырхан да бар. Былғары қолғап шебері биыл Ташкентте өткен әлемдік шаршы алаң додасында алтыннан алқа таққан.

Махмуд Сабырхан, жылдың үздік спортшысы, боксшы:
- Биыл Ташкентте өткен әлем чемпионаты Қазақстан үшін өте керемет өтті. 4 алтын 1 күміс жеңіп алдық. Сол алтынның біреуі мен болатынмын. Үздік спортшы номинациясы бізге үлкен мотивация береді. Алдымызда Парижде жазғы олимпиада ойындары өтеді. Сол  олимпиадаға тыңғылықты дайындалып, лицензия алып, олимпиада чемпионы болып 2024 жылы жылдың үздік споршысы болуға нәсіп етсін.

Жалпы биыл Ұлттық құрама мүшелері жыл басынан бері мың жарымға тарта халықаралық жарысқа қатысып, 860 аса медаль еншілеген. Оның үш жүзге жуығы алтын медаль. 70 жақын отандық спортшы әлем біріншіліктерінің бас жүлдесін олжалады. Құрлықтық Азия чемпионаттары мен ойындарынан да 60 шақты тарланның қанжығасы алтыннан майлаусыз қайтпады.