Шымкенттегі шағын аудан мемлекеттік газ жүйесіне қосылды
Шымкентттегі Қызылжар-2 шағын ауданы мемлекеттік газ
желісіне қосылды. 200-ден астам отбасы бұл қуанышты он жыл күткен. Бұған дейін
жеке желі жұмыс істегенімен, оның сапасы мен қауіпсіздігі тұрғындарды көп
алаңдататын. Енді жаңа газ тарату жүйесі жайлы, қауіпсіз әрі сенімді.
Аружан Қонысбек - екі баланың анасы. Ол жаңа үйге көшуді
тек барлық коммуникациялар толық жүргізілгеннен кейін ғана жоспарлаған. Қазір
отбасы алдағы қысты жылы әрі қауіпсіз жағдайда қарсы алатынына қуанышты.
Аружан Қонысбек, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Бұған дейін бұл көшеде жекеменшік газ болған. Мемлекеттік
газбен салыстырғанда екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Бағасы жағынан да,
сапасы жағынан да әртүрлі. Екеуінің айырмашылықтары бар. Біз өте қуаныштымыз
және алғысымызды айтамыз.
Ауданда 7 шақырым жаңа газ құбыры тартылып, 200-ден астам
отбасы инженерлік желіге қосылды. Әкім үйлерді аралап, жүйенің жұмысын
тексерді. Сарапшылар бұл қадам тұрғындардың өмір сапасын арттырады деп
бағалайды.
Ермек Қалдықұлов, «Qazaqgaz Аймақ» АҚ Шымкент өндірістік
филиалының директоры:
- Бірінші этаппен жартысы газданған. Екінші этаппен қалғаны газданып жатыр. Біз өзіміздің тараптан қысқа дайындықты жасадық. Біздің, мемлекеттік газ құбырларында газдың жетіспеушілігі болмайды. Тұрғындардың газ жетіспеуі дегені, жекеменшік құбырларында, олардың гидравликасы есептелмей, қыста жетпеуіне байланысты. Және әртүрлі апаттық жағдайға әкелуі мүмкін.
Мемлекеттік газ желісі тұрақты бақылауда болып,
техникалық қызмет көрсетіледі. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігіне кепіл. Шаhардағы
газға қосылған үйлердің үлесі жыл соңына дейін 98%-ға жетеді деп жоспарланып
отыр.

