Сырттан көлік әкелуге қатысты жаңа шектеулер енгізілді

Сырттан көлік әкелуге қатысты жаңа шектеулер енгізілді

Енді шетелден қалаған көлігіңізді елге әкеле алмайсыз. 20 қазаннан бастап сырттан көлік әкелуге қатысты жаңа шектеулер күшіне енеді. Бұдан былай Қазақстанға Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі мақұлдаған тізімге енетін темір тұлпарларды ғана кіргізуге болады. Атап айтқанда: Медициналық арнайы көліктерден басқа – жеңіл машиналар, квадроциклдер, қарда жүретін көліктер, жолсыз жерлерге арналған техника, мотоциклдер, мотороллерлер мен мопедтер, 12 орындық автобустар және жалпы салмағы 5 тоннаға дейінгі жүк көліктері. Айта кетейік, аталған техникалар «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентке сай болуы керек. Ал бұны растайтын құжат болмаса, азамат кедендік рәсімдеуден өте алмайды, көлікті тіркеуге қоя алмайды. Биыл қаңтар–шілде айларында елге 134 366 жаңа және жүрілген жеңіл автокөлік импортталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 59,4%-ға көп.