Танымал дизайнер Гүлнәр Қасым жаңа топтамасын ұсынады
Гүлнәр Қасымның отандық сән әлемінде есімі елге танымал. Енді сәнгер ұлттық құндылықтарымыздың бірегейлігін жер-жаһанға дәріптеуге бел буып отыр. Бүгінде қазақи нақышта жасалған киім үлгілерінің топтамалары беделді халықаралық сән көрсетілімдерінде бой көрсетуде. «Әзірге пандемия тұсау болып тұр дейді», – шебер.
Гүлнәр Қасым, дизайнер:
- Миланда дүниежүзілік көрме болды. Оған жас кәсіпкер ретінде барғанмын. Сол кезде Мадридтің адамдары келіп: «Сіздің көйлектеріңізді алуға бола ма?» деген ұсыныс айтты. Сұраныс бар. Chanel, Dior болсын, Pierre Cardin болсын, барлығы біздің оюларды алған. Қарасаңыз, әрбір көрсетілімде біздің оюларымыз бен киімдер бар. Сондықтан олардың бізге деген көзқарастары жақсы.
Гүлнәр Қасымның заманауи мәнерге салынған ұлттық киім үлгілерін сәнқой бойжеткендерден бастап, ақжаулықты әжелерімізге дейін киеді. Ең бастысы әр туындыдағы ою-өрнектердің мән-маңызы бәз-баяғы қалпында сақталған. Дизайнер шығармашылық шабытының қайнар көзі ұлттық болмыс пен салт-санада жатқанын айтады.
Гүлнәр Қасым, дизайнер:
- Менің әжем, жеңгелерім, апаларым, бәрі киіз басуды үйретті. Мен қазіргі таңда өзімнің шапандарымды баяғыдан келе жатқан, әжелеріміз сандыққа тығып қойған мақпалдардан тіктім. Міне, көріп тұрғандарыңыздай, бұл – заманауи нақышта тігілген бешпет. Бұл бешпеттегі әр оюдың өзіндік мағынасы бар. Мысалы, қошқар мүйіз тепе-теңдікті және күн сәулесін білдіреді.
Қазіргі таңда Гүлнәр Қасым алдағы сәуір айында Тараз қаласында өтетін сән апталығына жаңа топтамасын ұсынуға қамданып жатыр. «Тұмар» атты топтаманың да көздегені – қазақтың ұлттық киім үлгілерін кеңінен насихаттау.