«Тәуелсіздік» монументіне гүл шоқтары қойылды
Алматы - қазақ елінің егемендігінің куәсі болған қала. Бүгін Тәуелсіздік
күнін мерекелеу аясында шаһардағы «Тәуелсіздік» монументіне гүл шоқтарын қою
рәсімі өтті. Оған әкім Дархан Сатыбалды қатысты. Тақырыпты алматылық тілшіміз
Гүлзат Сақ тарқатсын.
Мемлекеттің ең алғашқы құндылығы Ата заң - Алматыда қабылданды. Сондай-ақ,
мемлекеттік рәміздер мен төл теңгеміз бекіді. Дәл осы жерде ескі Үкімет үйінде
1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Тәуелсіздік
декларациясын қабылдады.
Әкежан Кеңесов, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі:
- Осы тәуелсіз мемлекетте, егемен елде туған біздер секілді жас ұрпақ үшін
тәуелсіздік күні жай ғана меплекеттік мереке ғана емес бұл біз үшін берілген
үлкен жауапкершілік. Әрқашанда тәуелсіздіктің қадірін біліп оны насихаттап,
дәріптеп жүру біздің басты мақсатымыз.
Тәуелсіздік монументі 1996 жылы 16-желтоқсанда ашылған. Содан бері
алматылықтар дәстүрлі түрде осында келіп, тарихқа, қазақ тәуелсіздігі үшін
күрескендердің әруағына тағзым етеді.
Мұрат Абдушкуров, Алматы қаласының Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы:
- Барлық қазақстандықтарды еліміздің 34 жылдық Тәуелсіздік мерекесімен шын
жүректен құттықтаймын! Еліміздің болашағы бізге байланысты екенін бәріміз
түсінуіміз керек. Әрқайсымыз өз үлесімізді қосып, елімізді мықты, гүлденген,
қауіпсіз әрі жайлы мемлекет етеік.
Салтанатты рәсім Мемлекеттік әнұран орындалуымен аяқталды. Қала бойынша мерекеге арналған іс-шаралар ертең де жалғасады.

