Елордада алғашқы халықаралық фотокөрме ашылды
Елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Ислам мен адамзат: кеше, бүгін, ертең» атты алғашқы халықаралық фотокөрме ашылды. Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығы ұйымдастырған көрмеге 45 фотосурет қойылған. Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, халықаралық жобаға дайындық бір жылға жуық жүргізілген.
Булат Сәрсенбаев, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығының басқарма төрағасы:
- Біз ұйымдастыру барысында исламды, күнделікті өмірді, тіршілікті бейнелейтін ең жақсы деген фотожұмыстарды таңдауға тырыстық. Ислам әлемнің барлық діні сияқты бейбітшілікті көздейтін дін екенін, қазіргі заманда кейде бізге жетіспей жататын рухани дүние екенін көрсетуді көздеп отырмыз.
Бұл көрме Н. Назарбаев орталығының ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған халықаралық көрмелер топтамасын ашты.
Авторы: Ақзер Сегізбай