XVIII ғасырға тиесілі көне мешіттің орны табылды

XVIII ғасырға тиесілі көне мешіттің орны табылды

XVIII ғасырға тиесілі мешіттің орны Батыс Қазақстан облысында табылды. Археологтар бұл маңнан күйдірілген қызыл кірпіштермен қоса керамика сынықтарын да тапқан. Ғалымдардың пікірінше, көне мешіт ғимаратының ені 10 метр шамасында, ал ұзындығы 27 метрге жуықтайды, қабырғасының қалыңдығы – 80 см. Дегенмен көп бөлігі жер астында орналасқан. Қазба жұмыстарын шәкірттерімен бірге жергілікті тарихшы Мұрат Қалменов жүргізді. Ғалым мешіттің табылуы кездейсоқтық емес екенін айтады. Кейбір ескі жазбалар мен құжаттарда діни нысан туралы көп айтылады. Кезінде нысан қасақана бұзылған деген де болжам бар.

Мұрат Қалменов, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Ол саман және қызыл кірпіштерден тіктелген. Бірақ оның сырты ақ кірпіштермен, яғни фасадпен көмкерілген. Сыртқы көрінісі ақ болғандықтан жергілікті халық бұл жерді «Ақмешіт» деп атаған болуы мүмкін.

Сондай-ақ аумақта мешітпен қоса 200 шақты құрылыс нысанының орны болуы мүмкін деген болжам бар. Өзге де зиялы қауым өкілдері бұл жорамалдың шындыққа жанасатынына негіз барын жеткізді. Өйткені жазушы Хамза Есенжановтың «Ақжайық» трилогиясында кездесетін өркениет ордасы географиялық сипатталуы жағынан дәл осы төңіректі меңзеп тұр.

Нұрлан Сәдір, журнал редакторы:

- Дәл солай үзілді-кесілді мәлімдемегеніммен, көрсетілген өзеннің орны және қолда бар мәліметтер соған меңзейді. Сондай-ақ алғашында бұл жерде Әбубәкір Кердері білім алған, осы жерде ілім жайған деседі. Сол жағынан құнды. Тағы бір қолда бар дерек бойынша, әзірге облыста ашаршылық құрбандары жерленген белгілі жалғыз орын осы – Ақмешіт қорымы. Мұнда бір шұңқырға көптеген адам жерленген.

Тасын түртсе, тарихы төгілген төңірек әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Алдағы уақытта археологтар тағы да құнды жәдігерлер табылатынына сенімді. «Сондай-ақ келешекте қорымды ашық аспан астындағы музей ету арқылы тарих пен туризмді тоғыстыруға болады», – дейді олар.