Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ұлықталған шара
Өз тарихын жетік білмеген, өз болашағын құра алмайды. Елордада ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Ұлы дала және Қазақ мемлекеттілігі: жаңаша ой мен тың көзқарас» атты халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция өтті. Шараға отандық және шетелдік тарихшы ғалымдар, оқытушылар мен сарапшылар қатысты. Бұл «Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасы аясында ұйымдастырылған шаралардың алғашқыларының бірі.
БАҚЫТЖАН ТЕМІРБОЛАТ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
– Бұл іс-шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында, Елбасы кітапханасында жүзеге асырып жатқан үлкен жоба аясында өткізілуде. Жоба «Тәуелсіздіктің мәдени коды» деп аталады. Аталмыш жоба қоғамды талантты замандастарымызбен таныстыруды көздейді. Олардың қатарына тәуелсіз ел болып дамуымызға өз үлестерін қосқан жазушылар, ғалымдар кіреді. Жыл соңына дейін осындай бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарда бар, олардың барысында біз жұртшылықты көрнекті замандастарымыздың жетістіктерімен таныстыратын боламыз.
Конференция барысында белгілі тарихшы, профессор Бүркітбай Аяғанның «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда мемлекетінің тарихы» атты қос тілді дәрістер жинағының тұсауы кесілді. Қазақ, орыс тілдерінде жарық көрген басылымның тың деректері қазақ мемлекеттілігінің тарихынан сыр шертеді.
БАҚЫТЖАН ТЕМІРБОЛАТ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
– Алтын Орданың тарихы, жалпы біздің еліміздің тарихымыздың көптеген беттері әлі күнге толық, жан-жақты зерттелмеген. Міне, бүгінгі күні біз өз тарапымыздан осы ақтаңдақтарды толтыру үшін үлесімізді қосқымыз келеді. Әрине, бұл мемлекетіміз, мемлекеттігіміз үшін.