Тері экспортынан отандық өндірушілер 2 млн доллардан астам пайда тапты

Қазақстандық былғары өндірушілер халықаралық нарықты бағындыруда. Жыл басынан бері отандық былғары мен ірі қара малдың терісінен жасалған былғары крастын сатудан түскен экспорттық түсім 2,4 млн долларға жетті. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 73,3% жоғары. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Ведомства дерегінше, көбінесе қазақстандық кәсіпорындарда өңделген былғарыны Қытай, Үндістан, Италия, Түркия, Украина және Испания сияқты елдер сатып алады. Жергілікті нарықта отандық былғарыны аз мөлшерде аяқкиім өнімдерін, сондай-ақ сөмкелер, белдіктер өндірушілер сатып алады.

Жалпы тері илеу және өңдеу кәсіпорындары еліміздің 11 өңірінде орналасқан. Осы саладағы кәсіпорындардың көпшілігі, яғни 7 кәсіпорын Шымкент қаласында шоғырланған. Қалған өндірушілер Алматы, Қостанай, Жамбыл, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында және республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында. Жыл басынан бері ірі қара мал терісінен жасалған былғары өндірісінің көлемі 54 млн шаршы дм. құрады.

Авторы: Әсел Күшенғалиева