Тойған Ізім: Қазақта бұрын көбіне-көп ер адамдар билеген
Тойған Ізім – Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі. Өнертанушы.
Ол кәсіби сахнаға алғаш рет 17 жасында шығып, 27 жыл бойы үздіксіз биледі. Өнерімен көпшілікті тәнті еткен Тойған Ізім бүгінгі күні Қазақ ұлттық хореография академиясында қызмет атқарады. Би өнеріне жастарды баулып келеді.
Тойған Ізімнің алғашқы кәсіби сахнадағы қадамы Ақтөбе облыстық филормониясынан басталды. Кейін 1971 жылы Арқалық қаласында «Торғай әуендері» деген атаумен эстрадалық жастар ансамблі құрылды. Сол «Торғай әуендерінің» құрамында жас биші Тойған Ізім де бар еді. Кейін оның негізінде бүкіл одаққа танымал болған «Шертер» фольклорлық – этнографиялық ансамблі ашылды.
Қазақ биінің өткені мен бүгінгі жайлы Тойған Ізім «Уақыт және би өнері» атты кітабында ой толғайды. «Салтанат», «Алтынай» мемлекеттік би ансамбльдерінің қалыптасу, даму кезеңдерін кеңінен талдайды. Қазір ол ғылыми зерттеу жұмыстарымен қатар, ұстаздық жолды таңдаған.