Тоқаев пен Путин XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты

Тоқаев пен Путин XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев пен  Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына бейнебайланыс режимінде қатысты. Бұл – 20 жыл ішінде өзінің тиімділігін көрсеткен платформа. Бүгінгі таңда қос таптың сауда-экономика, инвестиция салаларындағы және өнеркәсіптік кооперациядағы ықпалдастығы жылдан-жылға тұрақты түрде артып келеді. Қазірдің өзінде екіжақты тауар айналым 27 миллиард долларға жеткен, ал Ресейден тікелей тартылған инвестиция көлемі 20 миллиардтан асты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, екі ел экономиканың барлық салаларында тығыз қарым-қатынас орнатқан.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
2019 жылдан бастап Өндірістік кооперация саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы табысты жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде бұл бағдарлама бойынша құны 3,2 миллиард доллар болатын 30 жоба іске асырылды. Жалпы көлемі 27 миллиард доллардан асатын тағы 60-қа жуық жоба жүзеге асырылуда немесе пысықталуда. Мұның бәрі Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктес әрі одақтас екенін айқын көрсетеді.

Биыл форум ауыл шаруашылығы тақырыбына арналған. Сондай-ақ, оның Қазақстанның нағыз астықты өлкесі – Қостанай облысында өткізілуінің символдық мәні бар. Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешені саласындағы сауда мен өзара тиімді кооперацияны кеңейту үшін зор мүмкіндік бар екеніне тоқталды. Әсіресе, өңделген өнім үлесін арттыруда. Бүгінде Қазақстанда 900-ге жуық инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, өнім сақтау инфрақұрылымын дамыту, соның ішінде элеваторларды, көкөніс, жеміс-жидек қоймаларын көбейту екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағытына айналуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстанда соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2 еседен астам ұлғайды. Аталған саладағы өнім экспорты екі есе артып, 6 миллиард долларға жуықтады. Бүгінде бұл бағыттағы өнімдеріміз әлемнің 80 еліне жеткізіледі. Былтыр Азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық индексінде Қазақстан 113 елдің ішінде 32-ші орынды иеленді. Осылайша, біз агроөнеркәсіп кешенін дәйекті түрде дамытып отырмыз.

Аграрлық ғылым, тұқым шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, органикалық тыңайтқыштар, су ресурстарын тиімді пайдалану салаларында да кооперация басым бағыт болып табылады. Айта кетейік, Форум отырысынан кейін Қазақстан мен Ресей басшылары келіссөздер жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарттың 10 жылдығы қарсаңындағы сапары екіжақты қарым-қатынастар жылнамасындағы маңызды оқиға екенін атап өтті. Өз кезегінде Ресей президенті екі мемлекеттің халықаралық аренадағы конструктивті ықпалдастығын жоғары бағалады.