Тұрғын үй саясатының жаңа ережесі күшіне енеді
Ертеңнен бастап елімізде тұрғын үй саясатының
жаңа ережесі күшіне енеді. Атап айтқанда, енді баспанаға мұқтаж азаматтардың
тізімі «Отбасы банктің» ақпараттық жүйесіне ауысады. Бұған дейін ол KEZEKTE.KZ
жүйесінде болған. Бұдан бөлек, кезекке қою және тұрғын үйлерді бөлу қызметі
әкімдіктерден «Отбасы банкке» өтеді. Кезекке қою азаматтың әлеуметтік санатына
қарамастан жүзеге асады. Ал баспана кезекке тұру күніне және өтінім берушінің
табыс деңгейіне қарай беріледі. Осылайша, үй кезекке ертерек тұрып үлгерген
азаматтар арасында бөлінеді. Тізімде тұрғандар әр 3 ай сайын түгенделіп,
тексеріледі. Еске салайық, былтыр қараша айында Мемлекет басшысы «Тұрғын үй
саясатын реформалау туралы» заңға қол қойды.

