Республика күні

Республика күні

25-і қазанда Қазақстанда Ұлттық мейрам – Республика күні аталып өтіледі. 1990-ы жылы дәл осы күні, ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Бұл аса маңызды құжат Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашты. Естеріңізге сала кетсек, былтыр, 13 жылдан бері алғаш рет қазақстандықтар, осы мейрамды жаңғыртып, атап өтті. Бұл мейрамның қайта тойлануы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастама көтеруінен кейін басталды. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде осы айтулы дата егеменді еліміздің дамуының белгісіне айналған.

Өмірзақ Озғайұлы, тарих ғылымдарының докторы:
-
Барлық заңға негіз болатын ең негізгі құжат осы – Декларация. Декларацияда еліміздің, қоғамымыздың даму бағыттары көрсетілген. Алайда, бұл заңға негіз болады деген сөзіміздің бір түйіні, осы Декларацияның негізінде 1993-і жылғы Конституция қабылданды  Осы Декларацияға сүйеніп, тәуелсіздік туралы заң қабылданды, тағы қаншама заң қабылданды. Олардың барлығы сол декларацияның талаптарынан шығып отыр. 

Алмат Әбсалықов, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының Бас сарапшысы:
-
Республика күні мен Тәуелсіздік күнінің байланысы тығыз. Сондықтан, біз 25-і қазан республика күнін атап өткенде, оның азаттығымыз бен тәуелсіздігіміздің бастауы екенін түсінеміз. Сондықтан, жастарымыздың бойына осы қағидаларды сіңіргеніміз жөн.