Этникалық отанынан туған жеріне қайтып оралған қазақстандық
Қазақстан – жаңа мүмкіндіктердің құтты мекені. Германияға 18 жасында қоныс аударып, араға 18 жыл салып отанына қайтып оралған Денис Рымановтың ұстанымы осындай. Ол – кезінде солақай саясаттың кесірінен елімізге күштеп көшірілген неміс отбасының үшінші ұрпағы. Кіндік қаны тамып өскен жерін, табиғатын, кең пейілді халқын сағынғанын айтады. Денис еліне құр алақан қайтпады. Шұжық өндірісіне қатысты үздік германиялық технологияны ала келіп, елімізге ендірмек.
Денис Рыманов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Бәрі салыстыру арқылы танылады. Өмір ұсақ дүниелерден тұрады. Біз өз табиғатымызды, мәдениетімізді, ұлттық тағамдарымызды жақсы көреміз. Маған осының бәрі жетіспеді. Мен елге қайтып оралуға бел будым. Қазіргі таңда Қазақстан жылдам дамып келеді. Жаңа мүмкіндіктер ашылып, нарқының әлеуеті кеңейген. Қазақстанның сапалы шикізаты мен үздік неміс технологиясын қосып шұжық өнімдерін жасауды жоспарлап отырмын. Экспортқа шығару әлеуеті де жоғары деп санаймын.
Денис 4 ай бұрын жары Мариямен Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат беретін құжат рәсімдеген. Олар болашағын осы елмен байланыстырып отыр. Қазақ жеріне алғаш аяқ басқан жолдасы аз уақыттың ішінде қоғамға сіңісіп кеткенін айтады.
Катарина Мария Мюллер, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
- Мен өзімді шетелдік азамат ретінде сезінбеймін. Бұл осы елдегі қонақжай, мейірімді халықтың арқасы деп білемін. Көмек қолын созудан аянбайды. Үлкендер мен әйелдерге сый-құрмет көрсетіледі. Мен бұл қасиеттерді жатсынып қалыппын. Бұл – Азия мен Еуропа мәдениеттерінің тоғысқан жері. Ұлттық тағамдарыңыз тіл үйіреді. Әсіресе жылқы еті. Кең дала, күндері шуақты, табиғаты әсем. Нұр-Сұлтан қаласы заманауи үлгіде салынған. Қазақстан мені бірден өзіне баурап алды.