EXPO-2020: Қазақстан павильонын 1 млн-нан астам адам тамашалады

Дубайдағы EXPO халықаралық көрмесіндегі Қазақстанның ұлттық павильоны ең танымал 10 павильонның қатарына енді. Жарты жылға жуық уақыт ішінде оны 1 млн 200 мыңнан астам адам тамашалаған. Күн сайын Ұлы дала елімен танысуға ниеттілер ұзын-сонар кезекке тұрады. Отандастырымызбен қатар, шетелдік қонақтар да көп. Олардың саны тәулігіне 8 мың адамға дейін жетеді.

Ұлттық павильонның мазмұны көрменің «Ақыл-ойды біріктіріп, болашақты құру» тақырыбын толық ашады. Гидтер келушілерді еліміздің табиғаты, тарихы, мәдениеті, дәстүрі, сондай-ақ ел дамуындағы перспективалық жобаларымен таныстырып, жұмбақ және таңғажайып Қазақстанға интерактивті саяхатқа жетелейді.

Валид Шатаев, көрме қонағы /Палестина/:

- Павильонды көргеніме қуаныштымын. Қазақстанның табиғи ресурстарға, түрлі пайдалы қазбаға бай екенін де білмеппін. Бұл – мен үшін үлкен жаңалық. Сонымен қатар Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласының жақсы дамығаны да таңғалдырды. Бұл өте әсерлі. Агоөнеркәсіп кешені заман ағымына сай дамып келеді екен. Қолөнер үлгілері, кіреберістегі шамдарың жарқырауы, барлығы жақсы ойластырылған. Кіргенде жусан иісін сезініп, Ұлы дала елінде жүргендей болдым.

Келушілер арасында адамның жасанды интеллектпен байланысын көрсететін қорытынды акробатикалық шоу ерекше назарға ие.

Айта кетейік, Дубайдағы EXPO-2020 халықаралық көрмесі наурыз айының соңына дейін жалғасады. Оған барлығы 192 мемлекет қатысуда.

Авторы: Әсел Күшенғалиева