Павлодар облысында туристік полиция жұмысын бастады

Нигериялық Авраам Салако - Баянауыл өңірінің кереметтерін тамашалауға құмар жанның бірі. Ол жергілікті жоғары оқу орнында білім алады. Аймақтың көрікті жерлерін көргісі келген оған туристік полиция көмекке келді. Инспекторлар бірнеше шет тілін біледі және демалушыларға ақпараттық қолдау көрсетуде.

Авраам Салако, турист:

- Қазақстанға білім алуға келдім. Болашақта бұл елдің әр облысын аралап шықсам деймін. Табиғатымен тамсанып, халқының мәдениетімен танысқым келеді. Сапарымды Баянауылдан бастадым. Тау мен тасы таң қалдырды. Қазіргі уақытта күн суытып кетіпті, бірақ, көңіл-күйім көтеріңкі.

Курорттық аймақта полиция тек шетелдік туристермен жұмыс істеп қана қоймай, қоғамдық тәртіпті сақтап, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Қызметкерлер электромобильдермен және квадроцикл көліктерімен жүреді.

Икрам Каленов, туристік полиция инспекторы:

- Шетел асып келгендердің көбі қазақ, орыс тілдерін білмейді. Олармен ағылшын тілінде сөйлесеміз. Баянауылдың көрікті жерлерін көргісі келеді. Кейде гид сияқты жұмыс істейміз. Яғни туристік нысандар туралы ақпарат беріп, жол көрсетеміз.

Мұрат Мұсатаев, Баянауыл аудандық ІІБ бастығы:

- Туристік полиция қызметкерлері облыстың көрікті жерлеріндегі ірі нысандарда кезекшілік етеді. Атап айтқанда, Орталық жағалауда, Баянауыл ауданындағы Ұлттық саябақта. Олар күндіз-түні кезекшілік етеді. Жасыбай және Торайғыр демалыс аймағында да инспекторларымыз бар. Барлық қызметкерлер 12 сағат бойы жұмыс істейді.

Өткен жылы Павлодар өңірінің тұмса табиғатын тамашалау үшін 70 мың жиһанкез келген екен. Ал биыл шетелден келетін қонақтар саны арта түскен.