Парижде Абай ескерткіші ашылды

Парижде Абай ескерткіші ашылды

Франция астанасында Абай ескерткіші ашылды. Кемеңгер ойшылдың мүсіні Париждегі ең әсем аудандардың бірі саналатын Гюго, Мольер, Бодлер және Пушкин мүсіндері орналасқан жазушылар мен ақындар саябағында орнатылды. Ескерткіш Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылды. Париж мэриясы мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі бұл ескерткішті екі ел астаналарын жақындастырудың алғашқы қадамы деп санайды. Жақын арада қос шаһар ынтымақтастық келісіміне қол қоюды көздеп отыр.

Арно Нгатча, Париж қаласы мэрінің орынбасары:

- Париждегі ақындар саябағында Абайға тағзым еткенімізге өте ризамын. Бұл – сіздердің ұлы ақындарыңызға қаламыздың атынан көрсеткен құрметіміз және мәдени салада Париж бен Нұр-Сұлтан арасында туындап жатқан ынтымақтастығымыздың белгісі.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

- Ол екі мемлекеттің мәдениетінің одан әрі жақындасуына өзінің септігін тигізеді. Сонымен қатар Париж мэрімен бірге осы екі қаланың арасында әлеуметтік, экономикалық және мәдени қарым-қатынастарды нығайту жөнінде құжатқа қол қоямыз.

Париж – қазақ ғұламасының есімі мәңгі сақталған Францияның екінші қаласы. Осыдан 5 жыл бұрын Абай мүсіні Ренн қаласында пайда болған. Сонымен қатар Оңтүстік Корея, Германия, Түркия, Румыния және тағы басқа да елдерде ақынның ескерткіштері бар.