Қазақстанда Қасым ханның әйелі Айша ханымның қолжазбасы жарыққа шықты

Қасым ханның әйелі Айша ханымның Франциядан табылған қолжазба көшірмесі Қазақстанда басылып шықты. Құнды ғылыми жәдігер XVI ғасырда түркі тілінде, атап айтқанда, қыпшақ диалектісі бойынша жазылған. Қолжазба жеті тараудан тұрады. Әрбір бөлімі  исламның қасиетті кейіпкерлеріне қатысты хикаялармен толықтырылған. Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы мамандарының айтуынша, кітапты түптеу жұмыстары 2 аптаға созылған. Көшірменің жекелеген беттері біріктіріліп, бүтін блокпен мақта жібін қолдану арқылы тігілген. Сондай-ақ мұқабасына арнайы батист матасы қапталып, картон қағазы мен қанық жасыл түсті табиғи былғары қолданылған.

 

Алмат Абсалықов, қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының бас сарапшысы:

-Тарихшы-шығыс ғалымдарының арасында бұл кітапқа қатысты екі көзқарас бар. Кейбір ғалымдар, атап айтқанда француз шығыстанушысы Эдгар Блаше бұл кітап Қазақ хандығының билеушісі Қасым ханның әйелі Айша ханым-бегімге тиесілі деп есептейді. Ал америкалық зерттеуші Дэвид Дэвистің пікірінше, қолжазба Мұхаммед Шайбаниге немесе Ғұбайдолла ханға, яғни олардың әйелдеріне тиесілі деп есептейді. Не болмаса Айша ханым Мұхаммед Шайбанидің әйелі болған. Десе де бұл тақырыпқа байланысты біздің отандық ғалымдарымыздың өз пікірі мен дәлелдері бар.  Қолжазба Қазақ хандығының билеушісі Қасым ханның жары Айша бегімнің жазбалары болуы әбден мүмкін.