Әлемнің 12 елінде тұратын қандастар қазақ тілін онлайн үйренуде

Әлемнің 12 елінде тұратын қандастар қазақ тілін онлайн үйренуде

Қазақ тілін үйренемін деген қандастарға арналған онлайн сыныптар Түркия, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Бельгия, Германия, Франция, Иран, Қырғызстан, Украина, Моңғолия және Беларусь елдерінде ашылды. «Otandastar Qory» жобасы 2019 жылы қолға алынған. Қор өкілі Дидар Болаттың айтуынша, ана тілін үйренемін деуші қандастар саны жыл сайын артып, бүгінде 12 елдегі 31 онлайн сынып тұрақты жұмыс істеуде. Сондай-ақ 7 мемлекетте дәрістер оффлайн түрде өткізіледі.

Дидар Болат, «Otandastar Qory» КЕАҚ Президентінің кеңесшісі:

- 2019 жылы көптеген мемлекеттегі қазақ тілінің жай-күйін зерттедік. Нәтижесінде 12 елдің 24 қаласында қазақ тілі сыныптарын ашу туралы шешім қабылданды. 12 мемлекетке құрал-жабдықтарды жеткізіп, 2020 жылы өзіміздің оқу бағдарламамызды бастап кеттік. Екі жылда қазақ тілінен 1000-ға жуық сабақ өтті. Оған 2,5 мыңға жуық бала қатысты. Қазіргі таңда қазақ тілі сабақтары аптасына 2-3 рет, күніне 4 сағаттан жүріп жатыр. Сабақ қазақ-орыс, қазақ-ағылшын, қазақ-түрік және қазақ-парсы тілдерінде жүргізіледі.

«Otandastar Qory» дүниежүзі қазақтарының ынтымағын нығайту мақсатында жұмыс істеп келеді. Шетелдегі ұлттық мәдени орталықтар, қазақ қауымдастықтары, мекемелер мен мәдени-гуманитарлық және іскерлік байланыстарды дамыту және кеңейту бағытында, 2021 жылы әлемнің 20 елінен 4,5 мыңнан астам отандастың қатысуымен 40-тан аса іс-шара ұйымдастырылған.

Авторы: Ақзер Сегізбай