Қазақстанда мемлекеттік гранттардың 60% техникалық мамандықтарға бөлінді

Қазақстанда жоғары білім гранттарының 60%-і  техникалық мамандықтарға бөлінді. Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, 2022-2023 жылдарға барлығы 73 мыңға жуық грант  қарастырылды.  Биыл сондай-ақ инженерлік, өңдеу, құрылыс салаларына мемлекет тарапынан тапсырыс ұлғайған. Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар үшін квоталар саны артқанын атап айтқан жөн. Көп балалы немесе толық емес отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардағы талапкерлер грант алу үшін көбірек мүмкіндіктерге ие. Биыл алғаш рет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білім беру грантының жаңа түрі анықталып отыр.  «Халық тығыз орналасқан және батыс өңірлерінің жастарының жетекші жоғары оқуорындарында оқуға арналған мақсатты білім беру гранты» - Атырау және Маңғыстау облыстарының 10 мың талапкеріне беріледі», - деп түсіндірді министрліктен. Магистратураға түсуге 13 мыңнан астам, докторантураға түсуге 1800-ден жоғары грант бөлінген.  Айта кетейік, білім гранттарының толық тізімін Ұлттық тестілеу орталығының сайтынан қарауға болады.