Қазақстанның туристік мекендері жайлы видеогид пайда болады

Қазақстанда туризмді арнайы жасалған видеогид арқылы дамытпақ. Қазақ туризм мамандары виртуалды көмекшіні таныстырды. Ұлттық компания қытайлық «TikTok» желісімен бірлесе арнайы жобаны бастап отыр. Платформада барлық тарихи әрі рухани маңызы жоғары орындар, мәдени мекемелермен қатар, бүкіл ел аумағындағы танымал мейрамханалар туралы барлық ақпарат жарияланады. Жобаға мұрындық болған авторлардың айтуынша, осы бастама Қазақстандықтарды ел ішінде көп саяхаттауға итермелейді. Бұл виртуалды көмекші әзірге тек Астана мен Шымкент қалаларында жұмысын бастайды. Көп ұзамай өзге қалалар да жобаға қосылады. Дегенмен, әр қазақстандық өз үлесін қоса алады. Бар болғаны өздерінің сүйікті орындары туралы жазып, хэштег белгілесе болғаны.

Қайрат Садуақасов, «Kazakh Tourism» ҰҚ басқарма төрағасының м.а:
– Бұл жоба жүзеге асқанда «TikTok» платформасында интерактивті карта пайда болады. Оған кіріп сіз кез-келген аймақты таңдай аласыз. Сол кезде, «Қазақстан бойынша гид» бағдарламасының қатысушылары жариялаған түрлі видеоларды көруге болады. Біркелкі ақпарат бергеннен қарағанда қолданушының жасаған контенті әркез әлдеқайда қызық болады. Біз әр тұрғын өзінің өңірі туралы оны қалай көретіні жайлы видео жасап, ақпарат бергенін қалаймыз. Қазірдің өзінде түрлі хештегпен жасалған Қазақстанның аймақтары туралы жүздеген видеолар көріп жатырмыз.

Атап өтер жайт, бұл «Kazakh Tourism» мен «TikTok» әлеуметтік желісінің алғаш бірлескен жобасы емес. Осыған дейін бұл платформада Ұлыстың Ұлы Күні – Әз-Наурызға арналған онлайн-фестиваль өтті. Арнайы #Наурыз2023 хештегі арқылы әр қазақстандық өзінің осы мейрамды қалай тойлап жатқанын және мерекелік тағамдардың қалай дайындалатынын және салт-дәстүр туралы өз ойын ортаға салды. Тіпті, үздік туристік сюжет номинациясында байқау да өткізілді.