Туризм министрлігі жылды қорытындылады

Туризм министрлігі жылды қорытындылады

Қазақстанда отандық туристердің қатары артып келеді. Тек биылдың 9 айында олардың саны 5 млн 500 мыңнан асты. Былтырдың сәйкес кезеңіне қарағанда 12% өсім көрсетті. Сонымен қатар, шетелдік саяхатшылардың ағыны да үштен бірге ұлғайған. Осы аралықта Қазақстанның кереметтерін қызықтауға 835 мың шетелдік қонақ келген. Елордада отандық туризмнің осы жыл бойы жеткен табыстары  сараланып, оның дамуына үлес қосқан сала өкілдері марапатталды.

Сала басшысы Ермек Маржықпаевтың айтуынша, жыл ішінде елге туристерді тарту қамында бірқатар кешенді шара қолға алынды. Мәселен 80 бағытта әуе қатынасы жанданды. Сондай-ақ әлемнің 74 елімен өзара визасыз қатынау режимі қайта орнаған. Бұл тізімді 100 дейін ұлғайту жоспарлануда. Министр биыл тындырылған игі істерді қорытындылаумен қатар алдағы 2024 жылға арналған жұмыс жоспарларына да тоқталды.

Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Біз үшін ең алдымен визалық және көші-қон режимін жақсарту маңызды. Халықаралық әуе қатынасын кеңейту және елдің туристік брендін дамытуға басымдық берілген. Бұл бағытта қақынды жұмыстар жүргізілуде. Қазір Үкімет туристік жобаларды жеңілдетілген несиелеуді қаржыландыру мерзімін 7-10 жылға дейін ұлғайту мүмкіндігін қарастыруда. Сондай-ақ, басымды аумақтар тізімі 20 дейін кеңейтілді. Бүгінгі таңда әр өңірде ең әлеуетті деген бағыттары анықталды.