UAE SWAT Challenge жеңімпаздарымен кездесу өтті
Халықаралық UAE SWAT Challenge турнирінің жеңімпаздары
астаналық оқушылармен кездесті. Шараға елордадағы 16 мектептің «Жас сақшы»
сыныбы қатысыпты. Кездесудің мақсаты – жастардың бойында патриоттық рух
қалыптастырып, тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын түсіндіру. Жүздесу барысында
жас жеткіншектер өз сұрақтарын қойып,
арнайы жасақ қызметкерлерімен тәжірибе алмасты. Айта кетейік, бұл шара
Заң мен Тәртіп қағидаты аясында ұйымдастырылды.
Қолына көк ту ұстап, қаз-қатар тізілген мына жеткіншектер
UAE SWAT Сhallengе-дің жеңімпаздарын қарсы алып жатыр. Халықаралық додада ел намысын қорғаған
сарбаздарға бүгін астаналық оқушылар осылай қол соғып құрмет көрсетті.
Мөлдір Атанай, UAE Swat Challenge Жеңімпазы:
- Бір кеудеге екі жүрек сыймайды. Отан жалғыз ту жалғыз
дегім келеді. Бұл отанға деген махаббат, патриоттық сезім. Оқушыларға енді
жинақылық тәртіп, өз өздерін ұстауы, барлығы мектеп оқушыларына керек қой.
Бұл кездесудің негізгі мақсаты – жасөспірімдердің бойында
патриоттық рух қалыптастырып, құқық қорғау саласындағы қызметтің маңызын
түсіндіру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастарға мотивация
беріп, елге қызмет етудің мәнін ұғындыруға көмектеседі.
Данияр Бесбаев, Астана қаласы ПД бөлім бастығы:
- Жастардың патриоттық сезімін ояту. Біздің полиция қызметкерлерінің жетістігін көрсету. Жастарға үлгі өнеге болсын деген мақсатта. Олар еліміздің абыройы ғой. Байрағымызды биікке желбіретіп, дүниежүзі бойынша жетістіктердің бірі.
Айта кетейік, UAE SWAT Challengе-ге әлемнің 48 елінен 109
команда қатысты. Ал ел намысын 5 бірдей команда қорғады. Мұнда Томирис деп
аталатын қыздардан жасақталған құрам да бар. Олар әйелдер арасындағы жарыста
топ жарып, 1 орынды иеленді.

