Қазақстандық монеталар халықаралық байқауға қатысуда
Қазақстан монеталары «Монета шоқжұлдызы-2020» халықаралық байқауына қатысады. Қазылар алқасының назарына біздің дизайнерлер дала қазынасы немесе суретшілердің тотемдері сияқты түрлі сериялардан 5 бірегей ақша белгілерін ұсынды. Олардың әрбірі атаулы даталарға арналған. Биылғы жылғы халықаралық байқауға әлемнің 17 елі өз жұмыстарын ұсыныпты. Қазақстан әдеттегідей үздіктер қатарында. Отандық монеталар әр жылдары байқауда топ жарған. Бүгінде Ұлттық банктің қоржынында барлығы 23 марапат бар. Ал бұл жолы ұсынылған жұмыстардың арасынан мамандар ұлттық нақыштағы монетаға басымдық беріп отыр.
АЛМАТ БАСЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ БАНКНОТТАР МЕН МОНЕТАЛАРДЫ ЖОБАЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
- Біріншіден, монета біздің елдің имиджін көтерудің бірден-бір құралы, өзге елдерге төл тарихымыз бен мәдениетімізді таныта түсудің мүмкіндігі. Өйткені жаһан жұртына біздің салт-дәстүріміз қызық. Олар өздеріне керегін алып, осылайша, мәдени алмасу болады. Сондай-ақ, осындай байқаулардағы жеңістер арқылы бізге кейбір елдердің айналым монеталарын жасауға тапсырыстар түседі.
Сонымен қатар, реттеуші орган коллекционерлер үшін қуанышты жаңалықпен бөлісті. Сарапшылар осы айда тағы 4 жаңа коллекциялық монета жарық көретінін айтуда. Бұл нумизматтар күткен айрықша оқиға екендігін атап өткен жөн.
АЙЖАН МАШЕЕВА, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ БАНКНОТТАР МЕН МОНЕТАЛАРДЫ ЖОБАЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС ЭКОНОМИСІ:
- Осы айдың соңына дейін көптен күткен, өте ерекше монеталарды шығару жоспарлануда. Оның ішінде космос сериясынан «Тиін және Жебе» монеталары бар. Ол ғарышқа ұшырылған иттің жер бетіне аман-есен оралу оқиғасына 60 жыл толуына орайластырылған. Екінші монета да көптен күттірген – Медеу мұз айдынына және үшінші монета – «Тораңғы» атты қасиетті ағашқа арналған.
Авторы: Ақзер Сегізбай