Үстел теннисінен халықаралық турнир өтті

Үстел теннисінен халықаралық турнир өтті

Ұлытау облысында үстел теннисінен өткен KAZAKHMYS OPEN – 2025 республикалық турнирі өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған жарыста үш елдің спортшылары төрт түрлі санат бойынша күш сынасты. Доданың өтуіне «Қазақмыс» корпорациясы мен Ұлытау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсетті. Турнир қорытындысы бойынша үздіктер анықталды.


Жезқазғанда  KAZAKHMYS OPEN – 2025 турниріне Қазақстан, Ресей және Өзбекстаннан 101 спортшы жиналды. Өзбекстандық Ноила Тошбоева жарыстың деңгейі жоғары болғанын атап өтті.


Ноила Тошбоева, турнирге қатысушы, Өзбекстан:


- Мен, Ноила Тошбоева, Өзбекстаннан келдім. Тенниспен 4 сыныптан, яғни, 2019 жылдан бері айналысып жүрмін. Турнир мен үшін керемет тәжірибе болды, себебі мұндай жарысқа алғаш рет қатыстым.


Турнир «Қазақмыс» корпорациясы мен Қазақстан Үстел теннисі федерациясының серіктестігі аясында өтті. Бұл ынтымақтастық Ұлытау облысындағы спортты дамытуға серпін беріп, өңірде бірлескен жобаларды іске асыруға жол ашады.


Асылжан Қарғабаев, «Қазақмыс» корпорациясы корпоративтік іс-шараларды ұйымдастыру басқармасының басшысы:


- Турнир өте жоғары деңгейде өтті, республикалық қонақтар да қатысты. Біздің ұлытаулық балалардың жүлделі орындар алғаны қуантады. Бұл өңірімізде спорттың дамып келе жатқанын көрсетеді.


Елсияр Қанағатов, ҚР Үстел теннисі федерациясының вице-президенті:


- Осымен екінші мәрте өткізіліп жатыр. Қазақстан осындай 12 үстел теннисі орталығы бар. Бұндай жарыстар өте қажет. Неге десеңіздер біздің спортшыларымыздан аудандық облыстық деңгейде спортшылар дайындалса, халықаралық дәрежедегі жарыстарға қатыса алады.


Бұл додада балалар мен жасөспірімдер де жақсы ойын көрсетті. Үш жылдан бері тенниспен айналысып келе жатқан ұлытаулық Жанқұтты Жантілеу бұл жолы финалда ресейлік қарсыласына есе жіберіп, турнирдің күміс жүлдегері атанды.


Жанқұтты Жантілеу, турнирге қатысушы, Ұлытау облысы:


- Мен Ұлытау облысы Жезқазған қаласынан боламын. Үстел теннисіне қатысып келе жатқаныма 3 жыл болды. Бұл жарыс өте жоғары бұл жарыстан 2-ші орынды қанжығаладым. 2010 жылы категориядан. Дайындық бәрі жақсы өтті. Ресейлік теннисшіден ғана ұтылдым.

Жарыстың жүлде қоры 3 миллион теңге. Ұйымдастырушылар турнирді алдағы жылдары да жалғастырады. Осылайша жас және кәсіби теннисшілерге тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін доданы дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр.