Үкімет Қонаев қаласының бас жоспарын қабылдады

Үкімет Қонаев қаласының бас жоспарын қабылдады

Қаланы дамытудың жаңа стратегиясын 2050 жылға дейін іске асыру көзделген. Осы аралықта шаһар өңірдің заманауи көпсалалы орталығына айналуы тиіс. Әлеуетті жоспарда облыс орталығының шекарасына қосылатын елді мекендер мен тұрғын үй кешендері де ескерілген. Жалпы Қонаевты алдағы уақытта инновациялық-индустриялдық және Алматы агломерациясының, азық-түлік белдеуі, мұнай мен газ өңдеу және мұнай химиясы дамыған қалаға айналдыру көзделіп отыр.

Сонымен қатар құжатта аймақтың басты туристік бағыттарының бірі ретінде қаланың үлкен әлеуеті атап өтілген. Жалпы, ширек ғасырдан астам уақыт ішінде Қонаев Алматы облысының аумағындағы көлік-логистикалық хабқа айналады. Бас жоспарда қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін кешенді шаралар қолға алынбақ.  

Динара Алимова, ҚР Премьер-министрінің баспасөз хатшысы:

- Облыс орталығында ауқымды тұрғын үй құрылысы жүргізілмек. Барлығы 2,5 млн шаршы метрден астам жаңа тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Мектепке дейінгі және жалпы білім беретін мекемелердің санын екі есе көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ тәулік бойы жұмыс істейтін медициналық стационарлардағы төсек орын саны екі есе өспек. Жалпы осы кезеңде қала өңірдің заманауи қаржы, мәдени, туристік, ғылым, білім беру, логистикалық және өнеркәсіп-инновациялық орталығына айналуы тиіс.