Астанада азаматтарды қабылдау орталығы ашылды

Мәселесін арқалаған қазақстандықтарға бұдан былай әр министрліктің есігін қағып, табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ. Жуырда орталық мемлекеттік органдардың халықпен жұмыс жүргізетін бірыңғай фронт-желісі құрылды. Барлық министрлік өкілдерін енді елордада жаңадан ашылған азаматтарды қабылдау орталығынан табуға болады. Онда келген азаматттар кез келген мемлекеттік органға өзінің шағым-өтінішін қалдырып, сала мамандары, заңгерлер мен медиаторлардың кәсіби кеңесін алады. Сондай-ақ,  бірінші басшылардың жеке қабылдауына жазылу мүмкіндігіне ие Азаматтарды қабылдау кестесі Үкімет сайтында алдын ала жария етіледі. Бұл ретте, аймақ тұрғындарына елордаға арнайы келудің қажеті жоқ. Мемлекет пен қоғамды байланыстырушы жаңа ортада елді-мекендегі жұртшылықтың жол мен уақыт машақатын шешу қамында заманауи әдістері ендірілген.

Айман Исабаева, азаматтарды қабылдау орталығының басшысы:

- Азаматтар өздерінің өтініштерін «eOtinish» біріңғай ақпараттық жүйесі арқылы бере алады. Шалғай аудандар мен басқа қалаларда тұратын азаматтарымыз мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына онлайн түрде қабылдауға жазыла алады. Ол кездесудің өзі онлайн түрде өткізіледі. Бейнеконференция байланысы осы ғимаратта орналасқан үш конференция залы арқылы өтеді. Бұл орталықта цифрлық халыққа қызмет көрсету принципі бойынша 1 200-ден астам мемлекеттік қызмет түрлерін азаматтар электронды цифрлық қолтаңбалары бар жағдайда ала алады. 

Орталықтың құрылуы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі ауқымды жұмыстың жалғасы екенін айта кеткен жөн.