Маңғыстау облысында жаңа туристік бағыттар дамиды

Маңғыстау облысында жаңа туристік бағыттар дамиды

Маңғыстау облысы таяу уақытта халықаралық туристік хабқа айналуы мүмкін. Қазақстандықтармен бірге шетелдік қонақтар да Каспий жағалауында аса жайлы жағдайда демалатын болады. Бұл үшін аймақтың бірегей табиғаты ғана емес, сонымен қатар тарихи, киелі және мәдени маңызы бар орындар, археологиялық ескерткіштері жетерлік. Осы мақсатта 2022 жылы Маңғыстауды шетелмен байланыстыратын жаңа әуе рейстері ашылуы мүмкін. Бұл туралы Ақтауда Таяу Шығыс елдері, Өзбекстан, Ресей, Германия және Грузиядан келген халықаралық туроператорлардың өкілдерімен өткен кездесуде айтылды.

Али Алхамис, туристік компанияның басшысы, Кувейт:

- Визасыз режим аясында біз өз азаматтарымызға Ақтауға саяхат ұсынуға дайынбыз. Бүгінгі таңда бұл өңірдің таныстырылымын бағаладық. Енді әуе рейстерін ашу жоспарланып отыр. Біз қазақстандық әуе компанияларының қолдауына сенім білдіреміз. Ал биылғы жаз маусымында туристер ағынының қаншалықты болатыны белгілі болмақ.

Ержан Еркінбаев, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі:

- Маңғыстаудағы туристік ұсыныстардың палитрасы айтарлықтай жақсы. Сондықтан бұл тұрғыда ұсынарымыз бар. Көпшілігі көрші қалалар мен көрші елдерге ұшу санының шектелуі туралы атап өтті. Мәселен, Түркияның ірі туроператорлары Ақтауға Германиямен тікелей әуе қатынасын ашудың өте маңызды екенін айтты. Иран азаматтары үшін визасыз режимге қол жеткізсек, жақсы болмақ. Өйткені ұшу уақыты бір сағаттан да аз. Ал Иран – өте маңызды нарық.