Су нарығын қадағалау комитеті құрылды
Суының 50%-ы сырттан келетін елге ең керегі – үнем. Үнемсіз қанып ішу түгілі, қазып ішу қиындайды. Сарапшылар 20 жылдың көлемінде тіршілік нәрінен тапшылық болатынын болжап отыр. Бұл дегеніңіз кемі 15 млрд текше метрдей су. Ал, шығынға ұрынбаудың жолы – су шаруашылығын ширату. Қазір біздегі қолда бар гидро нысандар саны 6 мың 300-ден асады. Сапасын мамандар саралай жатар. Бірақ, былтыр салаға жауапты басы бүтін министрлік құрылғанда Президент 20 жаңа бөгет салу мен 3 жарым мың шақырым арықты жаңғыртуды тапсырған. Осындай жұмыстардың соңына шам алып түсетін жаңа комитет құрылды. Ол суды заңсыз пайдалану және есепке алу деректерін бұрмалаудың алдын алумен айналысады.
Динара Таженова, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі департаментінің директоры:
– Министрлік суды заңсыз пайдаланумен күрес шараларын белсенді қолға алды. Жаңа комитеттің жұмысы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және еліміздің су ресурстарын қорғауға бағытталған.
Су мәселесі ушығып тұрғандықтан, Су министрлігінің алдындағы міндеті де ұшан теңіз. Ескірген дүниені жаңартып, жоғының орнын толтыру керек. Әкімдіктермен сондай 5 жылдық кешенді жоспар әзірленген.

