Түркияда Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы атап өтілді

Түркияда Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы атап өтілді

«Қазақ тілі тарихындағы дәуір: Ахмет Байтұрсынұлы». Осындай атаумен Анкарада ұлт ұстазының 150 жылдығына арналған ғылыми конференция өтті. Оған түбі бір түркі жұртының ғалымдары, қоғам қайраткерлері мен білімгерлер қатысты. Шара барысында реформатор ғалымның өмірлік жолы ардақталып, болашақ ұрпақ үшін аянбай еткен қызметтері дәріптелді. Ахметтану ғылымының дамуы жайлы сөз болды.

Анар Фазылжан, А. Байтұрсынұлы атындағы тіл және ғылым институты директоры:

- Кез келген ұлт халықаралық аренаға шығару үшін сол ұлтты қозғайтын тұлғалары болады. Бұл туралы тарихта Лев Гумелевтің этоногенездің пассионарлық теориясы бар. Әрине, оны сынаушылар да бар. Дегенмен Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасына қатысты пассионарлық тұлға деген терминді қолданатын едім. Себебі пассионарлық тұлғалар өзінің ұлтын биік мақсаттарға жанкештілікпен, ерекше адалдықпен сүйрейді.

Гүрер Гүлсевен, түрік тілі мекемесінің басшысы:

- Ол – тек қазақтың ғана емес, күллі түркі жұртының ағартушысы. Ахмет Байтұрсынұлының Отанынан тыс ең көп Анадолыда зерттелген. Тіпті түрік тілінде Алаш ардақтысы жайлы диссертациялар қорғалып, кітаптар жарық көрген.

Шара барысында «Ұлт ұстазы» атты кітабы таныстырылды. Алаштың арда азаматына арналған шаралар легі мұнымен шектелмейді. Жыл бойы ТүркСОЙ ұйымына мүше елдерде түрлі деңгейдегі жиындар ұйымдастырылмақ.