Елордада Алаш арыстарының асыл мұрасын жаңғырту жөнінде конференция өтті
Елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен өскелең ұрпақ тағылым алуы керек. Бұл туралы «Әлихан Бөкейхан – қазақ елі мен жерінің тұтастық рәмізі» атты халықаралық онлайн конференция барысында айтылды. Шараға Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан секілді алыс-жақын шетелдің тарихшылары мен отандық алаштанушылар қатысты. Зиялы қауым өкілдері азаттықтың бастауында тұрған Алаш мұрасын жаңғыртудың мән-маңызына тоқталды. Олардың бірі елдің игілігі мен халық қамында жанын шүберекке түйіген Алаш қозғалысының көсемі – Әлихан Бөкейхан.
Ерлан Сыдықов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі:
- Әлихан Бөкейхан, оның әріптестері, Алаш қайраткерлерінің бәрінің атқарған ісі – ол елді сүюдің көрсеткіші. Елге жан-тәнімен қызмет істеудің көрсеткіші. Бұл енді үлгі болмай, не болады қазіргі кезде?! Міне, осы тұрғыда жалпы оқу орындарында Әлихантану сабақтары жүргізілсе. Біз, ғалымдар бұл алаштану мәселесіне терең зерттеу жүргізіп жатырмыз. ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдап, қазіргі таңда көп грант бөліп жатыр.