Үкіметте оңтүстік өңірлердегі орта бизнестің жаңа жобаларын қолдау талқыланды

Алматы өңірінде вольфрам өңдейтін тау-кен байыту комбинаты, Жетісу өлкесінде елімізде алғашқы толық циклды аккумуляторлық батареялар зауыты мен Жамбыл облысында жаңа сүт фабрикасының құрылысы жоспарланған.  Үкіметте оңтүстік өңірлеріндегі кәсіпкерлерді қолдау шаралары талқыланды. Премьер-министр Әлихан Смайылов ондағы бизнес өкілдерімен кездесті. Үкімет басшысы жоғарыда аталған 4 оңтүстік облыстың барлығында да өткен 7 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі мен агро өндірістік кешен бағыттарында оң даму динамикасы бар екенін атап өтті. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстары мен негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі артқаны байқалады. Өз кезегінде кәсіпкерлер жұмыс істеп тұрған жобалары мен жаңа кәсіпорындарды іске қосу бойынша жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ, металлургия, ет пен сүт өндіретін, құс пен мақта шаруашылықтарын қолдау және «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстарын жеткізді.  

Мира Махмұдова, кәсіпкер:

-Біздің кәсіпорын «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан. Қазіргі таңда жобаның қуаты жылына 74 млн дана шығаруға қауқарлы. Жоба толықтай шетелдік инвестиция тарту арқылы жүзеге асты. Бүгін біз елордада Премьер-министрмен жүздестік. Кездесуде шағын және орта бизнес мәселелері көтерілді. Бүгін айтқан барлық ұсыныстарымыз оң шешімін табатынына  үміттіміз. Премьер-министр жалпы үкімет мүшелері бизнесті қолдауға мүдделі екенін көрдік.  

Сондай-ақ, Үкімет басшысы «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп, бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасау үшін жүйелі шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. Әлихан Смайылов экономикалық өсімді 10% дейін арттыру межеленгенін тілге тиек етті. Ол үшін кешенді шаралар қолға алынған.   

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

-Қолайлы бизнес ахуалды қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлерге қойылатын артық талаптарды қысқартуға бағытталған жаңа реттеуші саясат енгізілуде. Сонымен қатар, таза парақтан реттеу қағидаттарын енгізу мақсатында мемлекеттік бақылау және қадағалау рәсімдерін заң жүзінде жеңілдетіліп автоматтандырылады. Өздеріңіз білетіндей салықтық әкімшілендіру рәсімдерін оңайтуды және цифрландыруды көздейтін жаңа салық кодексін әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң жобасы шеңберінде сатып алу процестерін оңайлату және толық автоматтандыруды қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнесті дамытуға қосымша ынталандыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік институты инфроқұрылымдық жобаларды салуда. Бизнесті ынталандыру және әлеуметтік обектілерге инвестициялар тарту үшін толық көлемде пайдаланатын болады.