Ұлттық спорт түрлері ұлықталды

Ұлттық спорт түрлері ұлықталды

Бүгін наурызнаманың жетінші күні. Ұлттық спорт күні. Осыған орай, Сыр өңірінде дүбірлі дода өтті. Тұрғындар тұлпар тақымдап, садақ тартып, спортшылармен бірге таласқа түсті.

Наурызнама: Ұлттық спорт күні

Жәнібек Ысқақ - 20 жаста. Бұғанасы бекіген сәттен-ақ ат жалын тартып мінген. Бүгінде көкпардан Қызылорда облысы жастар құрамасының мүшесі. Тақымы тастай жігіт теңге ілуден де таласқа түсіп жүр. Ат құлағында ойнайтын азамат жылылық мерекесіндегі жарыстың жеңімпазы атанды.

Жәнібек Ысқақ, Шабандоз:

- Теңге ілуде бірінші атты өзіңнің еркіңе қарай шаптыруың керек. Өзің бейімбелуің керек еңкеюге. Осы жарыста 5 ұпай жинап бірінші орынды алып отырмын.

Сыр өңірінде құсбегілік өнер кенже қалған еді. Осы олқылықтың орнын жаңақорғандық Ғалымжан Өміртай толтырып жүр. Ғасырлар қойнауынан жеткен құндылықты жандандырған жас бүркіт баптауды былтырдан бастап қолға алған. Қазір «Семсер» атты қыранын  жергілікті ауа райына бейімдеп жүр.

Ғалымжан Өміртай, Құсбегі:

- Осының алдында 4-5 ай тағы бір бүркіт ұстағанмын. Қазірдің өзінде аз тәжірибе жинаған жоқпын.тек бізге жетпейтіні уақыт. Тағы басқа жарыстарымыз бар. Етпен алдаймыз көбінесе. Кім көп тамақ береді соған көбірек үйренісіп кетеді екен.

Қарт Қаратау жазығында өткен жарыс бұқаралық сипатта өрбіді. Яғни, ұлттық спорттың қазанында қайнаған кәсіби спортшылармен бірге былайғы жұрт та білек күшін байқасқан. Ал, жеткіншектер тұғызқұмалақ тақтасында талабын шыңдап, ой бәйгесінде олжалы болды.

Сламхан Боранбаев, Облыстық ұлттық ат спорты клубының жетекшісі:

- Қызылорда облысы бойынша 200-ге тарта шабандоз осы көкпармен айналысады. «Теңге ілу» де жақсы дамып келе жатыр. Қазақстан Республикасының чемпиондары бар. 2 орын күміс медалдарымыз бар. Ал жамбы ату спорт түрінен 2024 жылы алтын тұғыр номинациясын жеңіп алдық.

Расымен, Сыр өңірінде ұлтпен бірге жасасып келе жатқан ұлттық спорт түрлерінде қозғау бар. Қазір көкпар, аударыспақ, теңге ілу және жамбы ату спортымен 200-ден астам жас кәсіби түрде айналысып келеді. Демек, қазақылық қайнары қалтарыста қалмасы ақиқат.