Қазақстанда ұлттық спорт түрлерінен «Алтын тұғыр» сайлығы табысталды

Қазақстанда төл ойындардың кілең мықтысы анықталды. Елордада ұлттық спорт түрлерінің үздіктеріне «Алтын тұғыр» сыйлығы табысталды. Дала ойындарының сайыпқыран спортшылары мен тәжірибелі жаттықтырушылары бас жүлдемен қатар қомақты ақшалай сыйлықпен марапатталды. Павлодар өңірінің асық ату бойынша аға жаттықтырушысы – Қалибек Қуанұлы үшін бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн. Өзі елдің үздік бапкері атанса, шәкірттері үздік асық ату құрамасы деп танылды. Биыл оның жетекшілігімен споршылар әлемдік, халықаралық  және ел ішілік додаларда топ жарған.

Қалибек Қуанұлы, Павлодар облысы бойынша асық ату спортының аға жаттықтырушысы:
-
6 спорт шебері шықты биыл Павлодар облысынан. Ұлттық құрамаға 15-ке жуық спортшы кіріп отыр, жасөспірімдер мен ересектер бар. Құрамамызда 200-ден астам ойыншы бар Павлодар облысында. Жалпы өңірімізде дайындалып, үйірмелерге қатысып жүргендердің саны 2 мыңнан асады.  

Биыл «Алтын тұғыр» ұлттық спорт жүлдесінің 10 жылдық мерейтойы. Жалпы үздіктер де 10 аталым бойынша анықталды. Еліміздің ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамында да дәл осынша федерация бар. Оның төртеуі биыл құрылған. Атап айтсақ. «Бәйге», «Дәстүрлі садақ ату», «Асық ату», «Жамбы ату» «Тоғызқұмалақ», «Теңге ілу», «Құсбегі», «Көкпар», «Аударыспақ», және «Ат спорты». Барлығыда ел намысын дүбірлі халықаралық додаларда абыройлы қорғап жүр. 

Исламбек Салжанов, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті:
-
Елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келе жатыр. Баршаңыз білесіздер келесі жылы Астанада 5-ші көшпенділер ойыны өтеді. Президент тікелей қадағалап отыр. Үлкен дайындық жүргізіп жатырмыз. Ол біз үшін үлкен мәртебе және зор жауапкершілік.

Тек биылдың өзінде  ұлттық спорт түрлерінен еліміздің құрамасы халықаралық деңгейде 12 жарысқа қатысып 100-ге тарта медаль еншілеген. Оның 35-сі алтын жүлде. Жалпы бүгінде 500 мыңнан астам қазақстандық дәстүрлі ойындармен кәсіби түрде айналысады.