Ұлыбританияда Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы ұлықталды

Ұлыбританияда Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы ұлықталды

Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы Ұлыбритания парламентінің қауымдар палатасында атап өтілді. Лордтар мен депутаттар іргесі бекіп нығайған, экономикалық әлеуеті арта түскен қазақ елінің жетістіктеріне тілеулестік білдірді. Ұлыбритания – Қазақстанның стратегиялық серіктесі, ірі инвесторларының бірі. 30 жыл ішінде қос арада көптеген сала бойынша екіжақты қарым-қатынастар орнатылып, өзара ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді.

Боб Стюарт, Ұлыбритания парламенті қауымдар палатасының депутаты:

- Қазақстанның 30 жыл ішінде жеткен жетістіктері таңғалдырады. Аяғына енді тұра бастаған жылдары Ұлыбританияның өзінде мұндай ілгерілеушіліктер болды деп ойламаймын. Демократияcы мінсіз мемлекетке айналуымыз үшін 800 жыл қажет болды. 1991 жылы Кеңес үкіметі ыдырап, Қазақстан егемендігін алғаннан бері күрмеуі қиын мәселелерді шешіп келеді.

Іс-шара барысында «Қазақстанның 30 жылы: оянған Ұлы дала» атты кітап көпшілік назарына ұсынылды. Ол тәуелсіз Қазақстанның түрлі кезеңдеріне арналған эсселер жиынтығынан тұрады. Елдің тарихы, саяси-экономикалық және білім саласындағы реформалары, инвестиция, сыртқы саясаттағы жетістіктері, мәдениет, туризм сынды тақырыптардың барлығы қамтылған.