Венеция өнер биенналесінде Қазақстанның ұлттық павильоны ашылады

Венеция өнер биенналесінде Қазақстанның ұлттық павильоны ашылады. Екі жылда бір ұйымдастырылатын  көрме биыл 20 сәуір мен 24 қараша аралығында өтеді.  Халықаралық мәдени шарада отандық қылқалам шеберлері «Jeruiyq» тақырыбында бірегей өнер туындыларын ұсынады. 

Бұл қатарда әлем таныған суретші - Камиль Муллашевтың да тың еңбектері бар. Оның шығармашылығы Асан Қайғы іздеген «Жерұйық» қиял емес, Ұлы даланың өзі екенін айғақтайды. 

Италияға оның «Жер және Уақыт. Қазақстан» триптихының екі бірдей еңбегі аттанады. Бейнелеу өнерінің шебері «Ақ шөл далада», «Жастық шақ» атты картиналары өткен ғасырдың 70 жылдары салынған. Сол дәуірдегі ғарыш әлемін бағындыру мен қазыналы жер қойнауын игеруде еліміздің жетістіктері бейнеленген еңбектер әлі де өзектілігін  жоймаған.     

Камиль Муллашев, суретші, ҚР мәдениет қайраткері: 

- Мақсатым – Қазақстанның дамыған мемлекет екенін көрсету.  Оны қазіргі кездегі философия арқылы көрсету. Мұнай-газ дамыған мемлекет екенін көрсету.  Шетел үшін Қазақстанның жер байлығы, ой байлығы мен білімділігінің бәрін көрсету керек.  

Ұлы даланың қанық бояуларын әлемге паш еткен Камиль Муллашев биылдың өзінде бірқатар халықаралық өнер шарасының қадірменді қонағы болмақ. Осы аптада отандық қылқалам шеберінің іргелі еңбектері Лос-Анджелесте әлемнің танымал 40 суретшілерінің жұмыстары ұсынылатын беделді көрменің төрінен  табылады. Ал мына еңбектері мамыр айында Арт-Дубай өнер фестиваліне аттанады.  Дәл сол айда Канн халықаралық кино вестивалі аясында таңдамалы еңбектері қойылады. Кейін жаз мезгілінде қазақстандық суретшінің бірегей туындыларын Германияның өнер сүйер қауымы тамашалайды. Ал күзде әйгілі Луврде суретшінің бірқатар жұмысы көптің көзайымына айналмақ. 

Ал қазақстандықтар жарты ғасыр бойы салған еңбектерінің ең үздік үлгілерін жыл соңына қарай қызықтай алады. Бейнелеу өнерінің хас шеберінің 80 жылдық мерейтойына орай биыл Ұлттық мұражайда жеке көрмесі қанат жаяды.     

Камиль Муллашев, суретші, ҚР мәдениет қайраткері: 

- Әр жаққа әртүрлі еңбек. Мысалы Америкаға бір түрлі жұмыс жіберемін. Италияға өзгеше, Дубайға мүлдем басқа жұмыстар жіберемін. Өйткені әр жақтың өзінің мінезі бар. Өздерінің эстетикалық талғамы бар. Ең жақсы суреттерім әлі алда деп ойлаймын. Ойларым өте көп. Қазіргі  жұмыстарым адамзаттың дүниеге деген көзқарасы. Жаңа бір тілмен ұлттық сұлулықты, мәдениетті көрсетуге ұмтылып жатырмын.