Заң қағидатын күшейткен зияткерлік сайыс

Заң қағидатын күшейткен зияткерлік сайыс

«Не? Қайда? Қашан?» Елордада осындай атаумен зияткерлік сайыс өтті. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған жарысқа 7 колледждің үздік студенттері қатысып, жемқорлықтың алдын алу тақырыбында білімдерін сынға салды. Ережеге сәйкес, қатысушылар құқықтық заңнамаға байланысты күрделі сұрақтарға небәрі бір минут ішінде жауап беруі керек. Сайыс тек білім жарысы емес, мұнда әр қатысушының ойын жүйелі жеткізуі, сөз саптауы да бағаланды.


Давид Шарипов болашақ дәрігер. Бұл зияткерлік дода оған таңсық емес, жарысқа екінші рет қатысып отыр. Биыл тіпті өз командасын бастап келген. Жеңіске жету үшін бір аптадан аса уақыт дайындалған ол, жастарға жемқорлықтың алдын алуды үйрететін осындай сайыстар жиі ұйымдастырылса дейді.


Давид Шарипов, студент:


- Жемқорлық әділдікке, жетістікке жеткізбейді. Мысалы, білімді сатып алдық делік, Сессияны, бүкіл тестілеудің бәрін бармақ басты, көз қыстымен шешсе, одан қандай маман шығады? Біз дәрігерлер жемқорлыққа жол берсек, адамдардың денсаулығын құтқара алмаймыз ғой. Сол сияқты әр адам жемқорлықты осылай түсінуі керек. Сонда әділ қоғам болады.


Жарыс барысында командаларға заң нормаларына қатысты күрделі сұрақтар қойылды. Қатысушылар бір минут ішінде ақылдасып, нақты әрі дәлелмен жауап беруге тырысты. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай зияткерлік сайыстар жас буынның құқықтық білімін тереңдетіп, ой-өрісін кеңейтуге мүмкіндік береді.


Ботагөз Игенбаева, «Қорғау» заңгерлер мен медиаторлар зияткерлік клубының жетекшісі:


- Біз 5 жыл бұрын құрылған кезде заңгерлерге құқықтық алаң ашуды көздегенбіз. Бірақ, құқықтық білімді тек заңгерлерге ғана емес, тұрғындардың, оқушылар мен студенттердің, мұғалімдердің арасында да дамыту керек екенін түсіндік. Адамдардың жемқорлыққа қарсы білімін жетілдіруге кірістік. Өйткені әр адам оны білу керек.


Қазылар алқасы әр жауапты мазмұны мен логикалық жүйелілігіне, сондай-ақ құқықтық сауаттылығына қарай бағалады. Бұған қоса, қатысушылардың ойын анық жеткізуі, сөз саптауы мен сөйлеу мәдениеті де ерекше назарға алынды.


Дана Базанова, қазылар алқасының мүшесі:


- Мен ораторлық, актерлік шеберлік бойынша дәріс оқимын. Бүгін балалардың өзін өзі ұстауы, ақпаратты, ойын дұрыс жеткізуін қадағалаймын. Мен балалардың жемқорлық туралы біліміне тәнті болып отырмын. Заңнаманы да, халықаралық тәжірибені де жатқа біледі. Ойларын жинақы, саспай айтады. Біз студент кезде мұндай сайыстардың болмағаны қынжылтады.

Зияткерлік сайыс алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізілмек. Додаға колледж студенттерімен қатар мектеп оқушылары, сондай-ақ түрлі ұйым қызметкерлері де қатыса алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, құқықтық бағыттағы мұндай шаралар жастардың азаматтық санасын қалыптастыруға айтарлықтай ықпал етеді.