Жаңа қаулы: вакцина алмаған қызметкерлердің жұмысқа келуіне шектеу енгізіледі
Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина алмаған қызметкерлердің жұмысқа келуіне шектеу енгізіледі. Жұмыс беруші екпе алғанын растамаған қызметкерлерді жұмысқа кіргізбеуге құқылы. Жаңа қаулыға еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов қол қойды. Бұл талап тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар, соңғы үш айда коронавируспен ауырған жұмысшыларға қатысты емес.
«Жұмыскерлерге, тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19-бен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда, 2021 жылдың 10 тамызына дейінгі мерзімде COVID-19-ға қарсы вакцинаның бірінші компонентімен, ал 2021 жылдың 1 қыркүйегіне дейінгі мерзімде вакцинаның екінші компонентімен профилактикалық егулер жүргізуді ұйымдастырсын», - делінген қаулыда.
Сондай-ақ аталмыш құжатқа сәйкес енді елге ұшып келген қазақстандықтар ПТР анықтамасы болмаған жағдайда 3 күнге оқшауланады. Ал шеттен вирус жұқтырып келгендер инфекциялық стационарға ем қабылдауға жатқызылады.