Жатыр обырынан жыл сайын 600 әйел көз жұмады
Елімізде жатыр мойны обыры ең көп таралған аурулар тізімінде омырау обырынан кейінгі орында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 95% жағдайда бұл дерт адам папиллома вирусынан болады. Бүгінгі күні АПВ инфекциясын жұқтырудың және жатыр мойны обырының дамуының алдын алудың жалғыз әдісі – вакцинация. 135 елде, оның ішінде Қазақстанда бұл вакцина Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілген.
Жыл сайын елімізде жатыр мойны обырына шалдыққан 1900-ге жуық жан ем іздейді. Оның 600-ден астамы дертіне дауа таппай қайтыс болып жатыр. Яғни күн сайын осы патология кесірінен 2 әйел көз жұмады деген сөз. Сондықтан мамандар вирусқа қарсы екпе алу міндетті дейді. Бұл адам денсаулығына кері әсер жоқ дәрі. Тек иммундық жүйе қалыптастырады.
Жанерке Ажетова, Астана медицина университеті, акушерия және гинекология кафедрасының доценті:
– Бұрынғы СНГ елдерінің 7 мемлекетінде қолданылып келе жатыр. Сондықтан кері әсері бар, аурулар алып келеді деген жалпылама сөз деп айтуға болады. Өйткені ешқандай медицина тұрғысында дәлелденбеген.
Көптеген әлемдік зерттеулер АПВ-ға қарсы вакцинация қауіпсіз және тиімділігі жоғары екенін растайды. Сондықтан АҚШ 9 жастағы қыздарға бұл екпені міндеттеп қойған. Еуропалық елдер де он бес жасқа дейін салуды жөн санаған. Ал, біздің мамандар вакцинация үшін он бір жас дұрыс дейді.
Мадина Дүйсенбайқызы, гинеколог:
– Екпе бұлшық етке енгізіледі, бұл дренажды лимфа түйіндеріне жылдам жетуін қамтамасыз етеді. Вакциналарда қабынуға қарсы ортаны индукциялайтын, күшті гуморальдық реакцияны белсендіруге және сенімді иммундық жадыны қалыптастыруға көмектесетін адъюванттар бар.
Айта кетейік, жаппай екпе қазан айында басталады. Бірақ жұртты міндеттеп егуге тыйым салынған. Әркім көңіл қалауына байланысты қабылдаса болады.

