Қазақстан медициналық туризмнің орталығына айналуда

Қазақстан медициналық туризмнің орталығына айналуда

Диагнозды анықтаудан бастап, жүрекке, омыртқаға немесе миға күрделі операциялар жасау. Ең көп сұранысқа ие медициналық туризм Қазақстанда қарқын алуда. Осы салада түрлі қызметтерді алу үшін елімізге жыл сайын бірнеше мың шетелдік келеді. Емдеу құнының үлкен айырмашылығынан басқа, өзге ел тұрғындары қазақстандық медициналық ұйымдардағы халықаралық аккредиттеу жүйесін ескеріп, заманауи технологиялар мен жабдықтардың болуына, сондай-ақ біздің дәрігерлердің біліктілігі сынды жағдайларға назар аударады.

Ернұр Кенжебеков, «Қазақ туризм» ҰК баспасөз хатшысы:

- Бізде халықаралық стандарттарға сай орталықтар бар. Мәселен, томотерапия орталығы, яғни сәулелік терапия диагностикасы. Бұл – біздің артықшылығымыз. Сондай-ақ жылу көздері, шонжа, радон ваннасы және тағы басқа табиғи емдік жерлеріміз бар. Қазақстан кардио және нейрохирургия, ортопедия, онкология, репродуктивті медицина, стоматология, косметология бағыты бойынша бірқатар шет мемлекеттің көзіне түскен.

№2 көпбейінді аурухананың кардиохирургия бөлімінің мамандарына Украина, Ресей, Молдова, Үндістан, тіпті Ұлыбритания мен Канададан келген 160-тан астам шетелдік сенім білдірді. 20 жылдан астам тәжірибесі бар дәрігер Сейіл Мұхаметқалиев оларға жабық, сондай-ақ ашық түрдегі күрделі операцияларды жасаған. Соның арқасында бүгінде науқастардың жүректері үздіксіз жұмыс істеуде.

Сейіл Мұхаметқалиев, Нұр-Сұлтан қаласы №2 көпбейінді қалалық ауруханасының шұғыл кардиология және кардиохирургия орталығының басшысы:

- Бұл науқастарға қолқа, қолқа тармақтары мен жүректің қақпақшаларына ота жасадық. Аурухана қабырғасына келіп көмек аламын дейтін науқастарға барлық жағдай жасалған, яғни біз кардиохирургия және кардиология, қан тамырлары хирургиясы бойынша қызметтердің толық спектрін ұсынамыз.

Шетелдіктер үшін үздік қызметтер ішінде экстракорпоралді ұрықтандыру бар екенін айта кеткен жөн. Қазақстандық клиникаларда жасанды жолмен ұрықтандыру құны 2,5 мың долларға бағаланады, Еуропада ұқсас процедура шамамен 15 мың долларға түссе, АҚШ пен Канада клиникаларында одан да қымбат. Басқа елдің азаматтары отандық тіс дәрігерлеріне де қаралады. Олардың қызметі Еуропаға қарағанда 15 есе арзан болғанымен сапасы жағынан төмен емес. Сарапшылардың айтуынша, медициналық және онымен байланысты денсаулық туризмі үлкен әлеуетке ие. Осылайша жыл сайын денсаулығын жақсартқысы келетін миллиондаған адам әлем бойынша саяхаттайды.

Авторы: Гүлбану Тәжібек