Цифрлық активтер операциясы жеке табыс салығынан босатылады
Жаңа Салық кодексіне де өзгерту енгізу басталды. Нақтыласақ, енді цифрлық активтер операциясын жүргізіп отырған азаматтар жеке табыс салығынан босатылмақ. Бұл жеңілдік әзірге 3 жылға дейін қолданылады. Осы уақыт аралығында Үкімет цифрлық активтер айналымын заңдастырып, нарықты ресми бақылауға алуы тиіс. Вице-министр Серік Жұманғариннің сөзіне қарағанда, жаңа Салық кодексіне бизнес өкілдерінен түскен ұсыныс бойынша 45-тен астам түзету жасалған. Жобада инвесторларға арналған жеңілдіктер де қарастырылған. Мәселен, егер шетелдік кәсіпкер қажетті инфрақұрылымды өз қаражатына салса, онда кейін шығынды корпоративтік табыс салығы бойынша шегерім жасай отырып, өтеп алуына мүмкіндігі бар. Тауарды таңбалауға кеткен шығындарға да осы әдіспен жеңілдік қарастырылған.

